Қазақстан: «Жібек жолы» терминін кім ойлап тапты, видеоойындар шынайы зорлыққа итермелей ме?
Бұл дайджесте «Жібек жолы» деген термин кімге тиесілі екенін, қатігез видеоойындардың балаларға төндіретін қаупі қандай екенін талдап, қазақстандықтарға қарсы кезекті алаяқтық схемасы туралы айтамыз.
Видеоойындар мен зорлық
Саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен алаң көңіл ата-аналар видеоойындардың жастарға зиянды әсері туралы үнемі мәселе көтереді. Нақтырақ айтсақ, кең тараған тұжырымның бірі ойындар, соның ішінде зорлық элементі бар ойындар адамды қатігездікке баулып, шынайы өмірде зорлық жасауға итермелейді дегенге саяды.
Қазақстандық депутаттар да бұл тақырыптан айналып өткен жоқ. Мәселен, 2023 жылдың қараша айында олар премьер-министрдің атына сұрау жолдап, тұрмыстағы зорлыққа қарсы қолданыстағы әдіс-тәсілдердің нәтиже бермей отырғанын, ал балалар мен жасөспірімдер де ойнайтын компьютер ойындары «зорлық-зомбылықты таратып жатқанын» айтты.
Видеоойындардың өсіп келе жатқан ұрпаққа кері әсеріне қауіптену 1990-жылдары басталған. Ол ойындарда зорлық көріністері мен шынайы ұрыс әрекеттері бар болатын, сондықтан да көпшіліктің алаңдауына себеп бар еді, әрі бұл жасөспірімдердің шынайы өмірдегі мінез-құлқына қалай әсер етеді деген қауіп болды.
1999 жылы Колумбайн мектебінде болған атыс сияқты жаппай кісі өлтіру оқиғаларынан кейін қорқыныш үдей түсті, сол кезде қылмыскерлердің қатігез видеоойындарға құмар болғаны айтылған еді. Оқ атқандардың геймерлігі мен қылмыстың арасында себеп-салдарлық байланыс бар екені дәлелденбесе де, бұл оқиға ойын контентіне бақылау жасау қажет деген пікірді бекіте түсті.
Factcheck.kz жобасының фактчекерлері қатігез видеоойындар шынында да зорлыққа әкеле ме, тексеріп көрді. Бүгінгі күнге дейінгі зерттеулер мен статистика зорлық және шынайы зорлық әрекеттері мен видеоойындардың арасында тікелей байланыс бар екенін көрсетпейді. Ал мұндай ойындардың озбырлық деңгейіне ықпалы да қарама-қайшылыққа толы. Кейбір зерттеулер қатігез ойындарды көп ойнайтын балалар мен жасөспірімдердің мейлінше озбыр келетінін, мәселен, балалардың қудалауға, төбелеске бейім болатынын, қарым-қатынас жасағанда да дөрекілікке баратынын көрсетеді. Дегенмен, адамның жеке қасиеттері мен тәрбиесі секілді басқа факторлар да жастардың бойындағы озбырлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Оның үстіне, қатігез видеоойындарды ойнаудан пайда болатын озбырлық міндетті түрде шынайы өмірдегі зорлыққа алып келетініне нақты дәлел жоқ.
Компьютерлік графика жақсарып, қатігез ойындар мен олардың танымалдығы артып жатқанымен, видеоойындар зорлыққа әкеле қоймайтынын жанама түрде зорлықпен байланысты қылмыстар өсіп жатпағаны да көрсете алады.
Американың психологтар қауымдастығы (АРА) зерттеулерді талдай келе, видеоойындар қысқа ғана мерзімге озбыр ой мен мінез-құлық тудырғанымен, ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда зорлыққа бейім болуға ықпал етпейтінін көрсеткен. Видеоойындардың жасөспірімдерге ықпал етуі олардың тәрбиесіне, отбасындағы ахуалға, психологиялық саулық пен әлеуметтік ортаға да байланысты.
Фактчекерлер қарастырған басқа да бірқатар зерттеу видеоойындар озбырлық деңгейіне ықпал етеді деген қорытынды жасайды. Алайда, оларда зорлықпен байланыс туралы түйін жоқ. Ғалымдар озбырлықты лабораториялық зерттеудің қиын екенін баса ескертеді, себебі озбырлық деген өте ауқымды түсінік, әрі этика шектеулері оны тек сауалнама мен анкета көмегімен ғана зерттеуге мүмкіндік береді.
«Жібек жолын» ойлап табу
Қытай мен Батыс арасындағы сауда жолын білдіретін «Жібек жолы» терминін 1877 жылы неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен енгізді деген пәтуа бар екені белгілі. Көптеген дерек көзі, соның ішінде ЮНЕСКО, National Geographic және Қытай ұлттық жібек музейі бұл терминді алғаш рет неміс ғалымы «Қытай» еңбегінде пайдаланғанын нақтылайды. Бұл жөнінде Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының елшілігінде қызмет еткен Рихтгофеннің ұрпағы да «МК Казахстан» басылымына 2015 жылы берген сұхбатында айтады.
Алайда, Factcheck.kz редакциясы оған дейін де «Жібек жолы» деген терминнің басқа ғылыми еңбектерде қолданылғанын анықтады.
Вашингтондағы Америка университеті жариялаған Маттиас Мертенстің зерттеуі бұл терминнің Рихтгофенге дейін де қолданылғанын көрсетеді. Автор қарапайым әдістемеге жүгініп, Google Books Ngram Viewer арқылы кілт сөздермен іздеген. Нәтижесі мынадай:
1874 жылы неміс ғалымы Роберт Мак «Жібек жолы» дегенді диссертациясында жазған. Одан да ертеректегі жазбаларға келсек, 1868 жылы неміс ғалымы Герман Гуте, ал 1858 жылы тағы бір ғалым Иоганн Кауффер еңбегінде келтірілген.
Мертенс неміс географы Карл Риттер «Жібек жолы» терминін 1838 жылы «География» (Die Erdkunde) кітабының Иран жеріне арналған томында қолданғанын анықтады. Риттер жібек шаруашылығын Қытайдан Батысқа таратуға арналған сауда жолдары мен олардың мәнін сипаттаған. Ал «Жібек жолы» деген түсінікті Карл Риттер алғаш рет 1817-1818 жылғы еңбектерінде-ақ қолданған.
Фактчекерлер барон фон Рихтгофеннің ұрпағына сүйене отырып, танымал зерттеушінің Карл Риттермен кездескенін айтады, соған қарағанда ол «Жібек жолы» терминін қолданған өзіне дейінгі ғалымдардың еңбегімен де таныс болса керек.
Дегенмен де, басқа ғалымдардың еңбегінде бұл термин ертеректе кездескеніне қарамастан, терминді таратуға Рихтгофеннің сіңірген еңбегі жоғары екені даусыз. Маттиас Мертенстің пікіріне сүйенсек, Рихтгофен сауда жолын мейлінше егжей-тегжейлі сипаттап, терминнің неміс тілі кеңістігінен шығып, халықаралық мәртебеге ие болуына жол ашқан. Дэниэл Во деген тағы бір зерттеуші Рихтгофеннің үлесі асыра бағаланды деп санаса да, ғалымның Жібек жолының тарихын жақсылап түсіндіріп қана қоймай, Орталық Азияның маңызды рөлін зерттеуге үлес қосқан алғашқылардың бірі екенін айтады.
Ескі техника мен жаңа технология алаяқтар қызметінде
KazTAG сайты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сүйене отырып, алаяқтықтың жаңа схемалары туралы хабарлайды. Қаскөйлер өзін күштік құрылым жетекшісі, соның ішінде ҰҚК басшысы ретінде таныстырып, азаматтардан қаржы және басқа да операцияларды жасауды талап етеді. Алаяқтар құрбанның атына қылмыс жасау мақсатында алынған несие рәсімделгенін айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сөзі сенімді шығуы үшін ҰҚК белгісі бар жалған құжаттарды жіберуі мүмкін.
Жалған құжат үлгілерін Tengri News басылымы да жариялаған.
ҰҚК болса, қызметкерлерінің азаматтардан қаржы операцияларын жасауды талап ететін құқығы жоқ екенін баса ескертеді.
Тағы бір дәстүрлі алаяқтық схемасы пошта қызметінен жалған хабарлама жіберу әдісін қолданады. Алаяқтар желі қолданушыларының жеке дерегін ұрлап, Қазпоштаның атынан деп СМС хабарлама жіберетінін ұлттық оператордың Инстаграм желісіндегі ресми аккаунтына сілтеме жасай отырып, StopFake.kz сайты хабарлайды. Фишинг хабарламада алушының атына зат келгенін, бірақ мекен-жайы дұрыс көрсетілмегенін айтып, оны нақтылау үшін көрсетілген сілтемеге өту ұсынылады. Мұндай сілтемеге ешқашан өтуге болмайды.
«Ресми атауға ұқсас болғанымен, күмәнді сайттарға өтуді ұсынған болса, абай болыңыздар, олар жалған сайттар болуы мүмкін. Олардың мақсаты – сіздердің жеке деректеріңізге қол жеткізу, тауар немесе жеткізу ақысын төлету. Егер поштадан зат күтіп отырған болсаңыз, оның мәртебесін тек қана біздің ресми post.kz сайтынан немесе мобильді қосымшадан ғана тексеруге кеңес береміз. Қазпоштадан хабарлама 1499 ресми қысқа нөмірінен ғана жіберіледі», – деп ескертеді компания.
Алаяқтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «реквизиттерін» де пайдаланады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі азаматтарға мессенжердегі жалған аккаунттар арқылы агенттік жетекшілері мен қызметкерлері атынан телефон соғып, жалған ақпарат жіберетін адамдар бар екенін ескертеді.
Polisia.kz ақпараттық медиа порталы Ішкі істер министрлігіне сілтей отырып, жоғарғы технология көмегімен жасалған алаяқтық схемасы туралы хабарлайды. Қылмыскерлер мессенжерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, аккаунт иелерінің дауыс үлгісін пайдалана отырып, ақша аудару жөнінде өтініш жолдайды. Бұл схеманың аса қауіпті болатыны, қылмыскерлер мейлінше шынайы шығуы үшін құрбанның бірнеше жеке факторын пайдаланады: аккаунт, дауыс және банк картасы ақша жіберушінің сенімін арттыра түседі. Соның салдарынан хабарлама алғандар ғана емес, хабарлама «жібергендер» де зардап шегеді.
Жалған хабарламаның құрбаны болмау үшін полиция дауыстық хабарламаны тыңдай салысымен өшіруге, автоматты түрде өшетін қызметті пайдалануға, интернетте дауыспен видео жарияламауға, тек жақын адамдар ғана білетін құпия сөз ойлап табуға кеңес береді. Егер жақындарыңыздан күмәнді хабарлама келсе, оларға басқа байланыс арналары арқылы хабарласуды ұсынады.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).