Қазақстан: Георгий таспасы туралы мифтер, Рейхстагқа тігілген ту туралы шындық және Қытайдан шыққан зомби-фейк туралы есеп
Бюллетеннің бұл санында: Георгий таспасы туралы миф пен шындық; Кеңес туын Рейхстагқа шын мәнінде тіккен кім; Қытай Қазақстанда зомби-фейк тарату үшін ЖИ-ді қалай қолданды; ойда-жоқта алаяқтық схемасына қатысудан аулақ болу үшін не істеу керек?

Георгий таспасы туралы миф пен шындық
Біраз жылдан бері 9 мамырда интернеттің қазақстандық сегментінде Георгий таспасы мен Қасиетті Георгий орденінің шығу тегі туралы хабарламалар кең тарап жүр. Factcheck.kz фактчекерлері солардың бірнешеуін тексеріп көрді.
Мәселен, «Георгий таспасы Қырымдағы түріктерге қарсы соғыс кезінде шыққан» деген тезисті кездестіреміз. Бұл ішінара рас. Қасиетті Георгий ордені мен оған қосымша жүретін Георгий таспасы әскери марапат ретінде шынында да 1769 жылы Ресей мен Осман империясы арасындағы кезекті орыс-түрік соғысы кезінде (1768–1774) пайда болған, оны ІІ Екатерина патшайым бекіткен.
Дегенмен, соғыс тек қана түркі халықтарына қарсы жүрді деген тұжырым дұрыс емес. Осы тектес конфликтілердің көбіне тән сипатқа сай, орыс-түрік соғысының да себебі этникалық тазалау емес, аумаққа талас болатын. Ал Осман империясының өзінде көптеген халықтың өкілі тұрды, олардың арасында араб, парсы, күрд, еврей, ром, грек, армян, албан, венгр және басқа да ұлттар бар.
Әйтсе де, Қасиетті Георгий ордені Түркістан жорығына қатысушыларға берілгені, ал Георгий-Владимир бірлескен таспасына «Орта Азияға жорыққа барғаны үшін» медалін таққаны шындық. Осы жерде Қасиетті Георгий ордені қазақ жауынгерлеріне де берілгенін айта кету орынды, соның ішінде 1812 жылы Наполеон Бонапарттың әскеріне қарсы соғыстағы ерлігі үшін табысталған.
Ал «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Георгий таспасын Гитлердің жағында соғысқан коллаборанттар таққан» деген тұжырым – манипуляция. Фактчекерлер ашық дерек көздерінде Георгий таспасының нацистік Германиямен коллаборацияға қатысын көрсететін қандай да бір мәлімет жоқ екенін айтады. Есесіне, Гитлердің әскері жаулап алған аумақта 88 миллионға жуық Кеңес елінің азаматы өмір сүрген болуы ықтимал екенін ескерсек, таспа тағып жүргендердің арасында коллаборанттар болуы әбден мүмкін.
Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Ресей империясының әскері қатарында қызмет еткен көптеген адамда әртүрлі дәрежедегі Қасиетті Георгий ордені болды. 1914 жылдың өзінде ғана әскердегілерге 200 мың орден жіберілген екен. «Георгий» марапатының иегері болу Кеңес билігі кезінде де бағаланған, сондықтан оны Гитлердің оккупацияланған әскерімен әріптескен адамдар да ашықтан-ашық тағып жүре алатын болған.
Рейхстагқа тігілген ту
Берлинді алған кезде неміс парламентінің ғимаратына Кеңес одағының туын кім бірінші тіккеніне қатысты бірнеше нұсқа бар. Кеңестік дерек көздері мен Википедия Мелитон Кантария мен Михаил Егоров туралы айтады. Қазақстанның мектептерінде бірінші болып туды тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов екені айтылады. Ал «Комсомольская правда» газетінің зерттеуінде Григорий Булатовтың жанында оның командирі Семен Сорокин болған делінеді.
Кеңес билігінің Егоров пен Кантарияны батырлар ретінде таңдауының себебі Иосиф Сталиннің көңілінен шығу болған деген болжам бар. Біреуі орыс халқының өкілі болса, екіншісінің ұлты грузин, яғни бас қолбасшының ұлтынан.
Осы тақырыпқа арналған материалда Factcheck.kz журналистері РФ қорғаныс министрлігінің орталық архивінен табылған құжатты келтіреді, құжат жанама түрде болса да, барлық нұсқаның шындыққа келетінін көрсетеді. Идрицк-Берлин дивизиясының №150 штабының басшысы Дьячковтың жазбасында Рейхстагқа бірінші болып кірген әскерлер ретінде мына азаматтар көрсетілген (жазбадағы ретімен): лейтенант Қошқарбаев, қатардағы Булатов, сержант Егоров және кіші сержант Кантария.
Демек, Қызыл әскер қатарындағы төрт азамат та батыр деуге болады.
Бұған қосымша, «Новая газета» басылымы №674 атқыштар полкінің командирі Алексей Плеходановтың Иосиф Сталиннің атына жолдаған мына жеделхатына сілтейді: «1-атқыштар батальоны барлау взводының командирі, кіші лейтенант Қошқарбаев пен полктің барлау взводының жауынгері Булатов Рейхстагқа ту тікті».
Ал Рақымжан Қошқарбаевтың өзі «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында ерлігі туралы былай дейді (архив): «Шешемнен ерте қалдым, оның бейнесі еміс-еміс есімде. Балалар үйінде өстім. «Халық жауының» ұлы ретінде құқай көрдім. Партия қатарына өттім. Берлинді алуға және Рейхстагқа ту тігуге қатыстым. Оның куәгері болған майдандас достарымның ешқайсы шындықты бұрмалаған жоқ. Мен олардың бәріне шексіз ризамын. [..] Батыр атағына келсек, ол бар болғаны тырнақтай ғана металл ғой, солай емес пе?! [...]».
Жасанды интеллект және «Қазақстандағы америкалық биозертханалар» туралы фейк
«АҚШ-тың биозертханалары» туралы фейктер біздің бюллетенімізге бұрын да шыққан болатын (1, 2). Фактчекерлер үнемі теріске шығарып жүргеніне қарамастан, биозертханалардың өтірік демеушілері мен олардың қызметі туралы жалған ақпарат желіде жиі-жиі жаңарып тұрады. Дегенмен, енді сондай зомби-фейктердің кемінде біреуінің артында шамамен кім тұрғаны белгілі болды.
10 мамыр күні Reuters АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің есебіне сүйене отырып, Құрама Штаттардың қарсыластары жасанды интеллектіні қолдануынан туатын ықтимал қауіп туралы мақала жариялады. Есепте басқа да жайттармен қатар аты аталмаған әлдебір жаңалықтар сайтының ЖИ платформасын қолдана отырып, «Қазақстандағы америкалық биозертханалар» туралы зомби-фейктің қайта тарауына жол ашқанын келтіреді. Басылымның жазуына қарағанда, оны таратқан сайт Қытай үкіметінің бақылауында.
Алаяқтыққа қатысушы болмау үшін не істеу керек?
Біздің бюллетеніміздің тағы бір тұрақты тақырыбы – жеке деректер мен төлем мәліметтерін ұрлаумен байланысты түрлі алаяқтық схемалары. Factcheck.kz авторлары қаскөйлер абайсызда алаяқтық құрбаны болғандарды пайдаланғаны аздай, оларды өздері құрған тиімді сауданы жақсы көрушілердің торына түсіретінін анықтады. Сол себепті де желі қолданушыларының ештеңе сатып алмаса да, картадан ақша шегерілгені туралы шағымын жиі кездестіруге болады.
Оның себебі картадан ұрлаған қаражатты қолма-қол ақшаға ауыстыру үшін әртүрлі тауар (мысалы, тұрмыстық техника мен электроника) сатып алатын және оны тиімді жеңілдікпен сататын алаяқтар болуы мүмкін. Ал тауарды соңында сатып алған адам сатушыны білмесе де, тауардың қандай жолмен алынғанынан хабарсыз болса да, алаяқтық схемасының қатысушысы болып шыға келеді.
Схеманың жұмыс істеу тәртібі мынадай: қаскөйлектер банк картасындағы ақшаға қол жеткізгеннен кейін оны пайдалана отырып, онлайн дүкеннен тауар сатып алады. Содан кейін «дроп» деп аталатын өздерінің адамы сатып алынған затты алады да, тауарды жарты бағасына сатып алған адамға жібереді. Ал алаяқтардың қолында «таза» ақша қалады.
Фактчекерлердің айтуынша, алаяқтыққа қатысушы болғаның үшін жауапкершілікке тартылуың мүмкін екенін айтпағанда, тиімді бағамен сатып алуды жақсы көретіндер өзінің төлем дерегінен де айырылып қалуы мүмкін, мұндайда алаяқтар дүкенде солардың ақшасымен төлей береді.
Мақала авторлары қаскөйлердің қақпанына түспеу үшін мынадай кеңестерді басшылыққа алуды ұсынады:
- Ұсыныс қанша жерден тиімді көрінсе де, күмәнді сатып алу схемасынан бас тарту.
- Картада қомақты қаражат ұстамау, ал онлайн сатып алуға жеке карта арнау және ол картаға тек транзакцияға қажет ақшаны ғана салу.
- Онлайн хабарламаны қосып, шот бойынша барлық операцияны қадағалап отыру.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).