Қазақстан: ЖИ фейктерімен күрес, азаматтық алу тәртібі және шегіртке – халал өнім
Дезинформация бюллетенінің жазғы нөмірінде осы және өзге де тақырыптар жөнінде

Жасанды интеллект пен жалған ақпарат
2024 жылы 30 мамырда OpenAI компаниясы есеп жариялап, онда кейінгі үш айда Қытай, Израиль, Ресей және Иран жағынан әрекет етуші бес жасырын науқанды анықтағанын мәлімдеді, олар әлеуметтік желіде тарату мақсатымен OpenAI генератив жасанды интеллектін пайдалана отырып, үгіт-насихат жобасын жасаған.
Factcheck.kz жобасының журналистері жалған ақпарат таратуда ЖИ қандай рөл ойнайтынын және оның ақпарат кеңістігіне төндіретін қаупінің алдын алу үшін не істеуге болатынын зерттеп көрді.
ЖИ көмегімен жасалған жалған ақпарат видео, сурет, аудио және мәтін түрінде келеді және сан түрлі салада пайдаланылады, соның ішінде алаяқтық пен үгіт-насихат та бар. ЖИ дамыған сайын жалған ақпарат та сенімдірек бола түсті, ал оны жасауға жұмсалатын уақыт пен күш азайды.
Әлемдік қауымдастық мұндай жолмен жасалған фейктердің демократияға әсер етуі мүмкін екеніне алаңдайды. 2024 жылы 50 елде сайлау өтеді, соған орай қазірдің өзінде саяси манипуляция жасау үшін дипфейктерді пайдалану кездеседі. Мысалы, Молдова президенті Майя Сандудың мобилизация туралы қолдан жасалған видеосы мен жаппай тәртіпсіздікке әкеп соғуға шақ қалған Лондон мэрінің жалған аудиожазбасы осы қатарда.
Генератив нейрожелі жасаушылар ЖИ-ді теріс пиғылмен пайдаланудан толыққанды қорғау мүмкін емес екенін мойындайды. Тарап кеткеннен кейін жалған ақпарат екенін анықтау оның зиянын кемітпейді, ал арнайы машық-дағдысы болмаса, қарапайым адамдар дипфейкті шынайы сурет немесе видеодан ажырата алмайды.
OpenAI мамандары мен жетекші америкалық университет ғалымдары жалған ақпаратпен күресу үшін әлеуметтік желілер, ЖИ жасаушылар және ел үкіметтері бірлесіп әрекет етуі аса қажет деп санайды. Алайда, технологияның қарқынды дамуына орай оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін.
ЖИ көмегімен жасалатын жалған ақпаратпен күрестегі негізгі құрал – ақпараттық сауат пен сыни пайым. Шындық пен өтіріктің аражігін ажырата білу үшін адам көргені мен естігенін талдап-таразылай білуі керек. Deepware және AI or Not сияқты арнаулы бағдарламалар ЖИ ізі бар-жоғын анықтауға көмектесе алады, бірақ оны көпшілік тегіс қолдана алмайды әрі бұл бағдарламамен жұмыс белгілі бір машықтарды қажет етеді, ал кейде қате жауап беруі де мүмкін.
Осыған орай ақпараттық сауатты дамытып, ЖИ көмегімен жасалған фейктерді тани білудің маңызы зор. Әзірге фейктердің көпшілігі жоғары сапалы емес, сондықтан бүге-шігесіне мұқият назар аударған жағдайда анықтауға болады.
Нейрожелілер жасайтын жалған ақпаратпен күресу үшін бұл салада арнаулы заңдар мен ЖИ-ді бақылау стратегиясының болуы маңызды. Еуроодақ қазірдің өзінде төндіретін қаупіне қарай ЖИ қолданбаларын реттейтін жобаны қабылдады. Ұлттық заңдар мен халықаралық келісімдердің де рөлі жоғары. Мәселен, АҚШ-та президенттің атынан жалған қоңырау шалу оқиғасынан кейін роботтардың генерацияланған дауыспен қоңырау соғуына тыйым салынды.
Қазақстанда генератив нейрожелілерді пайдалану әзірге реттелмейді, алайда 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында заң бойынша реттеуді бекіту қажеттігі көрсетілген.
Қазақстан азаматтығын алу шарттары
Мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көші-қон саясатына өзгеріс енгізу туралы заңға қол қойды. «Қазақ тілі мен тарихын білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді» деген жаңалыққа орай, бұл өзгеріс ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде қызу тартыс тудырды.
Factcheck.kz фактчекерлері қазақ тілі мен тарихын білмеу азаматтық алуға кедергі болады деген тұжырым ішінара шындыққа жанасатынын анықтады.
Қазақ тілін «қарапайым деңгейде» білмейтін, Конституция негіздері мен Қазақстан тарихынан бейхабар үміткерлерге, шынында да, азаматтық берілмеуі мүмкін. Дегенмен, кейбір топқа жататын азаматтар емтихан тапсырудан босатылады, жаңа талаптардың оларға қатысы жоқ. Олар: кәмелет жасына толмағандар, әрекет қабілеті жоқтар, ел алдында айрықша еңбегі бар жандар, белгілі бір мамандық иелері, этникалық қазақтар және халықаралық келісімшарттарға орай азаматтық алудың жеңілдетілген түріне құқығы барлар.
Соңғы талап Ресей, Беларусь және Қырғызстан елдерінің бірінде 1991 жылдың 21 желтоқсанына дейін туған немесе тұрған осы елдердің азаматтарына, сонымен бірге Қазақстанда жақын туысы тұратындарға қатысты. Азаматтық алудың мұндай жеңілдетілген түрі Қазақстан азаматымен некеде тұратын шетелдік қыз-келіншектерге де жүреді.
Қазақстанда туған немесе бұрын Қазақстан азаматтығы болған шетелдіктер жоғарыда аталған топтардың ешбіріне жатпайтын болса, қазақ тілін, Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын білетінін дәлелдеуі керек.
Погонды алаяқтар туралы фейк пен шындық
Жалған шенеуніктер тарататын хабарламаны жалған тәртіп сақшылары туралы хабарлар алмастырды.
Tengrinews.kz алаяқтар жалған аккаунт ашып, өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстыратынын айтады. Қаскөйлер прокуратура қызметкері және басшылары атынан телефон соғады және хабарлама жібереді.
Stopfake.kz хабарлауынша, Астананың полиция департаменті WhatsApp арқылы азаматтарға мемлекеттік мекемелер атынан келетін хабарламаларды қайта-қайта тексеріп, мұқият болуды ескертетін хабарлама таратқан.
Бұған қоса алаяқтар туралы кезекті фейктер де пайда болып жатыр. WhatsApp мессенжерінде бір топ адамның пәтер аралап жүргені, өздерін полиция қызметкері деп таныстыратыны туралы хабарлама тарап жүр. Онда алда болатын халық санағына орай жеке куәліктерді тексеріп жүргенін, сенімдірек болу үшін ІІМ таңбасы бар бланкілер мен құжаттарды көрсететінін айтып сендіреді.
Хабарлама мәтінінде ол адамдардың өзін ресми өкіл деп таныстыратын үй тонаушылар екені, суретке түсуді немесе қандай да бір схемаға орай саусақ ізін түсіріп алуды ұсынатыны айтылады.
ІІМ журналистерге берген пікірінде хабарламада көрсетілгендей алаяқтық жағдайлары республика аумағында тіркелмегенін мәлімдеді. Министрлік бұған қоса қазіргі сәтте жеке куәлікті тексеру, суретке түсу немесе азаматтардың саусақ ізін алу үшін олардың үйін аралау жүріп жатпағанын айтты.
Шегіртке халал өнім бе?
Тағы да шегіртке қаптауы мүмкін екеніне орай зиянкестермен күрес шаралары туралы журналистерге пікір білдірген Қазақстан вице-премьері Серік Жұманғарин кенет шегірткенің халал өнім екенін және бірқатар елде тамаққа қолданылатынын айтты. Шенеуніктің сөзі ақпарат құралдарында кең тарады, ал Factcheck.kz фактчекерлері халал деген тұжырымды тексеріп көрді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) редакцияға бұл ақпаратты растады. Шариғат бойынша, шегіртке расында да халал өнімге жатады екен. ҚМДБ ұстанатын ханафи мәзхабында Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың бір хадисінде тамаққа өлген балық пен шегірткені пайдалануға болады деп рұқсат етіліпті.
Пайғамбардың сахабасы Абдулла ибн Омардан жеткен бұл хадисті ҚМДБ ресми сайты мен «Халал даму» орталығынан көруге болады. Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы халал деген сөз өнімді пайдалануға міндеттемейді, шегірткені жеу не жемеу туралы шешімді аймақтың мәдени ерекшелігін ескере отырып, әр адам өзі қабылдайды деп нақтылады.
Мысықтар және сиыр сүті жөнінде
Үй жануарларын күтіп-баптауға арналған көптеген сайтта мысықтарға сиыр сүтін берудің аса қажеті жоқ екені айтылады. Factcheck.kz редакциясы мысықтарға расында да сүт берудің қажеті жоқ па, тексеріп көрді.
Кейбір дерек көздері мысықтардың тамағына аз мөлшерде сүт қосуға болатынын айтса, мамандар мен зерттеулердің көбінде кәрі үй жануарына сүт берудің аса қажеті жоқ екенін айтылады. Себебі, мысықтардың ас қорыту жүйесінде болуы ықтимал мәселелерге орай сүт беру дұрыс емес екен.
Негізгі мәселе лактозаға, яғни сүт құрамындағы қантқа байланысты. Лактоза қорытылуы үшін мысықтарда лактаза деген фермент өндіріледі, алайда жасы келген сайын мысықтардың көпшілігінде бұл ферменттің деңгейі айтарлықтай төмендейді.
Зерттеулер кәрі мысықтардың лактозаны дұрыс қорыта алмайтынын нақтылай түседі. Бұл сүттің қорытылмауына, ал сүт қантының ішектегі бактерияларға жайлы орта тудыруына әкеледі, соның салдарынан газ түзіліп, сүт қышқылы бөлінеді. Ал мұның соңы мысықтардың құсуына, іші өтуіне, асқазаны ауыруына әкеп соғуы мүмкін.
Иттер және адамның тамағы туралы
Ит асыраушылардың көпшілігі бұл үй жануарын дастархандағы тамақ қалдығымен немесе адамдарға арналған тағам түрлерімен тамақтандыруға болады деп санайды. Factcheck.kz фактчекерлері мәселені зерттеп, иттерге адамның тамағын беруге болатынын, дегенмен барлық тамақ жарай бермейтінін анықтады. Адам үшін қауіпсіз кейбір азық-түлік өнімі иттердің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
«Зоосфера» ветеринария клиникасының дәрігері Мәди Айтжанның айтуынша, иттердің ас қорыту жүйесі адамдікінен айтарлықтай өзгеше келеді. Мысалы, ит сияқты ет қоректі жануарлардың ішегі қысқа болады, ал асқазаны көбірек қышқыл бөледі. Жыртқыш жануарларда крахмалды қорытуға қажетті амилаза ферменті болмайды. Осы ерекшеліктеріне орай иттер тамаққа талғампаз келеді. Дұрыс тамақтанбау салмақ өзгерісіне әкеліп, буын, жүрек, бүйрек ауруларына, тіпті өлімге әкеп соғуы мүмкін.
Иттерге микроэлементтерге бай және жақсы қорытылатын сәбіз, алма, балық, тауық, жержаңғақ майы, қияр және жасыл бұршақ беруге болады. Ақ және қара нанды аз ғана мөлшерде жеуге рұқсат. Иттер үшін қауіпті тағамдар қатарында шоколад, мейіз, жүзім, авокадо, шие, цитрус жемістері, кофеин, даршын, шикі сүт (өңделмеген сүт, себебі қауіпті бактерия жұқтыруы мүмкін), жұмыртқа, пияз, сарымсақ, қатты тұзды тамақ пен алкоголь өнімдері бар.
Егер ит жеуге болмайтын тамақты жеп қойған болса, оған адсорбент беріп, бірден ветеринарға жүгіну маңызды. Өз бетіңізше ем-дом жасау қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Тыйым салынған тағамдарды иттердің көзінен таса ұстаған жөн.
Үй жануарының денсаулығы бірінші кезекте оның жейтін тамағын дұрыс таңдауға байланысты, сондықтан фактчекерлер жекелеген жануарға қатысты ұсыным алу үшін ветеринар кеңесіне жүгінуді ұсынады.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).