Қазақстан: ЛГБТ, «зорлық күні» және су тасқыны туралы жалған ақпарат
Бұл шығарылымда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тарту жиілегені, алаяқтықтың жаңа схемалары, ЛГБТ өкілдеріне қатысты адасу және қазақстандықтардың үрейін ұшырған «Зорлық күні» туралы фейкке тоқталамыз.

Жалған ақпарат пен жаза
Сәуірдің екінші жартысы Қазнетте дүрбелең тудырған атышулы фейк хабарламалармен айрықша есте қалды. Соған сай, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылған адамдар қатары артты.
19 сәуір күні желіде аноним Телеграм арнадан Астана мектептерінде жаппай атыс жоспарланып жатқаны жөнінде хабар тарап, ата-аналар бір дүрлігіп алды. Артынша құқық қорғау органдары мұның жалған хабар екенін айтып, жалған ақпарат таратқандарға қатысты соталды тергеуі басталғанын мәлімдеді.
Одан сәл бұрын UlysMedia сайты жалған ақпарат таратқаны үшін қамауға алынған үш оқиға жөнінде жазған болатын. 22 жастағы бойжеткен полицияға Маңғыстаудағы қонақүйлердің бірінде Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындарды белгісіз біреулер кепілге алғанын хабарлаған.
Ақтөбеде полицияға үйге бомбы қойылды деген хабар түскен. Бұл да жалған болып шықты, ал қоңырау шалған азаматтың мас болғаны анықталды.
Талдықорған қаласында тұратын 9 жасар бала Алматыдағы жекеменшік компаниялардың біріне телефон соғып, қомақты сомаға Алматыдағы сауда үйіне жарылғыш зат қоюды ұсынған. Баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
WhatsApp чаттарда эвакуация бекеті орналасқан мектептердің бірінде мектеп қызметкерлері гуманитарлық көмекті ұрлап жатқаны жөнінде дыбыстық хабарлама тарады. Мектеп директорының өтінішімен хабарламаны тексерген полиция ұрлық жөніндегі ақпараттың жалған екенін анықтады. Жалған хабарламаны жазып таратқан 27 жастағы Павлодар тұрғынына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Оның алдында Петропавл тұрғынына да жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. 47 жастағы әйел адам әкімшілік ғимараттың артқы ауласында еріктілердің көлікке азық-түлік тиеп жатқанын көрген. Еріктілер гуманитарлық көмекті ұрлап жатыр деп шешкен әйел оларды видеоға түсіріп, роликті WhatsApp чаттардың біріне жіберіп, күдігін айтады. Видео чат аясынан шығып, желіге, соның ішінде TikTok желісіне жүктеледі. Хабарламаны тексерген полиция гуманитарлық көмектің ұрланбағанын, ал азық-түліктің Қызылжар ауданындағы Большая малышка ауылына жөнелту үшін тиелгенін анықтады.
Махамбет ауданының Махамбет ауылына 300-ге жуық әскери адам келіп, жергілікті тұрғындар жасаған бөгетті бұзуға әрекет жасады деген видеоны қайта таратқан Ақтау тұрғынына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Қазіргі сәтте билік өкілдері жалған ақпарат деп тапқан хабарламаларды таратқандардың барлығына дерлік әкімшілік айыппұл салынды. Алайда, жалған ақпарат тарату туралы бап Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінде де, Қылмыстық кодексінде де бар, ол үшін ірі көлемде айыппұл салынады, тіпті, қылмыстық құқық бұзу болған жағдайда үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Шынайы және фейк алаяқтық схемалары туралы хабарламалар
Сәуірдің соңында әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде Бірыңғай байланыс орталығына тиесілі 1414 нөмірінен СМС-ті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының сайтын бұзған алаяқтар жіберіп отыр деген хабарлама кең тарады. СМС-те көрсетілген сілтемеге өткен жағдайда алаяқтар бүкіл дерекке қол жеткізіп, несие рәсімдеп алатыны айтылды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ та, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де алаяқтық туралы ақпаратты дереу жоққа шығарып, 1414 нөмірінен келетін хабарламаның ешқандай да қауіпті емес екенін, ол электронды үкіметтің eGov mobile қосымшасында тіркелмегендерге келетінін, ал ондағы сілтеме қосымшаны орнатуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Петропавлда WhatsApp чаттарда тасқыннан зардап шеккендерге жаңа алаяқтық схемалары туралы ескертетін хабарламалар тарады. StopFake.kz порталының жазуына қарағанда, өтемақы алудан үмітті тұрғындарға мемлекеттік орган өкілдерінің атынан телефон соғып, тасқыннан зардап шеккендер тізіміне қосу үшін нақтылап жатқанын айтады-мыс. Содан кейін алаяқтар СМС-пен келген кодты сұрайды. Сөйтіп қаскүнемдер жәбірленушілердің атынан банкте несие рәсімдеп алады. Полициядағылар әзірге өңірде бұған ұқсас алаяқтық деректері тіркелмегенін айтып, дегенмен азаматтарға сақ болуды ескертіп, телефон арқылы ешкімге ешқандай дерек айтуға болмайтынын тағы бір пысықтады.
Алаяқтардың ірі табиғи апаттар мен қайғылы оқиғалар кезінде адамдардың көңіл-күйі мен үрейін пайдаланып, әсіре белсеніп кететінін бюллетеннің өткен шығарылымдарында жазған болатынбыз. Полицияның дерегі бойынша, тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетуді сұраған әрбір үшінші хабарлама – фейк. Үш-ақ күн ішінде құқық қорғау органдары су басудан зардап шеккендерге ақша жинаумен байланысты 50-ге жуық жалған хабарламаны анықтаған. Полиция азаматтарға сақ болуды ескертеді, мүмкіндігінше ақша жинау жөніндегі ақпаратты тексеруді немесе деректерді тексеру үшін полиция қызметкерлеріне жіберуді ұсынады.
ЛГБТ туралы мифтер
Сәуірдің бірінші жартысында Парламент Мәжілісінің төрт бірдей депутаты «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасына журналистерге ЛГБТ өкілдері туралы жазуға тыйым салатын және «дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттағаны үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартатын түзету енгізуді ұсынды. 17 сәуір күні Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады, алайда ЛГБТ-ға қатысты ұсынылған түзетулер құжаттың соңғы нұсқасына енген жоқ.
Қазақстан мен көршілес елдерде ЛГБТ өкілдерін кемсіту үдей түсуіне орай Factcheck.kz фактчекерлері ЛГБТ туралы мифтерді талқылады, олардың пікірінше, бұл гомофобияның негізгі себептерінің бірі.
Негізгі мифтердің бірі гомосексуалдықты батыстан келген ағым, қазақстандықтарға жат деп санайды. Алайда, тарихи деректер ежелгі мәдениеттерде бір жыныстылар арасындағы қарым-қатынас әлемнің әр түкпірінде болғанын растайды.
Жыныстық бағдар дінге де, қай этникалық топқа жататыныңа да байланысты емес, нақты бір бағдарды белгілі бір мәдениетке не қоғамдастыққа тән деуге болмайды. Қоғамдағы гомосексуалдыққа не бисексуалдыққа қатысты пікір тек қана қалыптасқан көзқарасқа және гомофобияның бар не жоқ болуына байланысты.
Гомосексуалдық қарым-қатынас табиғи емес және табиғи заңдылыққа қайшы келеді деген түсінік те мифке жатады. Біржынысты байланыс 1500-ден астам жануар түрінде кездеседі. Адамға ең жақын деп саналатын бонобо приматтарының 75%-ында жыныстық байланыс көбею мақсатын көздемейді. Боноболар шаршағанын басу және топтағы әлеуметтік байланысты нығайту үшін гетеросексуал ғана емес, біржынысты, топтық және жеке жыныстық қатынасқа да барады.
Зиянды адасудың бірі ретінде гомосексуалдықты ауру дейтін мифті айтуға болады. Осындай адасудың кесірінен гомосексуалдықтан «айықтыруға» бағытталған «репаратив емдеу» кең таралып отыр. «Коррекциялық зорлау», яғни ЛГБТ өкілдерін «дұрыс» жолға «қайтару» мақсатында жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеу де осындай әдіске жатады. Фактчекерлер мұндай әдіс-тәсілдердің тиімділігі дәлелденбегенін, ал ол адамға орны толмас зиян келтіруі мүмкін екенін баса айтады.
Америка психологтар қауымдастығы (АРА) гомосексуалдықтың да гетеросексуалдық сияқты адамның қалыпты жыныстық бағдары екенін айтады. Мұны көп жыл бойы жүргізілген зерттеулер мен беделді медицина және психиатрия орталықтарының клиникалық тәжірибесі де нақтылайды.
Қазіргі күні жыныстық бағдар қалай қалыптасатыны жөнінде үзілді-кесілді жауап жоқ. Негізгі ұйғарым бойынша, жыныстық бағдардың қалыптасуына биологиялық фактормен қатар, әлеуметтік фактор да әсер етеді. Есесіне, адамның жыныстық бағдарын «терапия» күшімен өзгертуге болатыны немесе қандай да бір жыныстық қарым-қатынасты шынайы өмірде немесе медиада таныстыруға болатыны ғылыми дәлелденбеген, бұл «ЛГБТ-ны насихаттау» деген әйгілі нарративті жоққа шығарады.
«Ұлттық зорлық күні» – зомби-фейк
Factcheck.kz редакциясы 24 сәуір «ұлттық зорлық күні», бұл күні жыныстық зорлық қылмыс болып саналмайды деген кең тараған зомби-фейкті тексеріп көрді.
Бұл фейк хабарлама TikTok желісінде кеңінен тарады, ал кейбір жазбаларда, тіпті, бұл күнді президент Тоқаев белгілегені айтылды. Мұндай хабарлама ел арасында үрей тудырды. Алайда, фактчекерлер, бұл «мерекенің» шынайы өмірге ешқандай да қатысы жоқ екенін, бар болғаны ағылшын тілінде сонау 2021 жылы кең тараған жергілікті фейк екенін анықтады. Ал «ұлттық зорлық күні» деген түсініктің өзі алғаш рет 2010 жылы Twitter желісінде тарағанын білуге болады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері де мұны теріске шығарып, Қазақстанда да, басқа елдерде де «ұлттық зорлық күні» деген жоқ екенін мәлімдеді. Фактчекерлер жыныстық зорлықтың қылмыс екенін және оған заң бойынша жаза бар екенін ескертеді.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).