Қазақстан: Олимпиада фейктері, жаңбыр салығы және сүттен шыққан құс тұмауы
Жаңа шығарылымда: Олимпиаданың айналасындағы фейктер, жаңбыр суына салық салу ықтималдығы және шикі сүт пен шала піскен жұмыртқадан жұғатын құс тұмауы.

Жалған ойын
26 шілде күні Парижде Олимпиада ойындары басталды. Кез келген ірі оқиға секілді бұл дода да әлеуметтік желіде толып жатқан жалған ақпараттың тарауына себеп болды. Олардың кейбірі зілсіз болса, енді бірі талас-тартысқа әкеп соқты.
Еш залалы жоқ фейктің бірі жапон дзюдошысы Ута Абэнің көктемдегі су тасқыны кезінде қазақстандықтарға 100 мың доллар аударғаны туралы ақпарат болды.
Алайда, Factcheck.kz редакциясы Ута Абэнің әлеуметтік желідегі аккаунттарын қарап, Қазақстан халқына көмек жібергені туралы ешқандай ақпарат жоқ екенін анықтады. Тасқыннан зардап шеккендерге көмек жинаған «Қазақстан халқына» қорының есебінен де Ута Абэден немесе жапон компанияларынан көмек түскені туралы мәліметті таба алмаймыз.
Қордың ресми өкілі Марат Мұхамедсалиев Factcheck.kz редакциясына берген жауабында Жапониядан немесе жапон азаматтарынан ешқандай қаржы түспегенін растады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияр да Ута Абэнің көмек көрсеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Тағы бір жалған ақпарат талас-тартыс тудырып, спортшы Иман Халифтің интернетте қуғынға ұшырауына алып келді.
1 тамыз күні Олимпиадада алжирлік боксшы Иман Халиф италиялық Анжела Кариниді жеңді. Жекпе-жектің 46-секундында бірнеше соққы алып үлгерген Карини әрі қарай жалғастырудан бас тартып, жылап қалды. Бұл жаңалық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде тез тарады, сонымен бірге Халиф трансгендер әйел деген қауесет те желдей есті.
Бұл туралы тікелей немесе жанама түрде Дональд Трамп, Илон Маск және Джон Роулинг сияқты танымал тұлғалар да айтты. Бұл қауесет қазақстандық көрерменді де айналып өткен жоқ. Халифтің қай гендерге тиесілі екені Париждегі жекпе-жекке дейін де сөз болып жүрген болатын, бірақ Каринимен кездесуінен кейін бұл мәселе Олимпиада ойыны көрермендерінің назарын аударды.
Фактчекерлер вирус боп тараған хабарламаны тексеріп, Иман Халифтің трансгендер әйел екенін көрсететін ешқандай дәлел тапқан жоқ. Мұндай жалған ақпарат алғаш рет Халықаралық бокс федерациясының (IBA) мәлімдемесі бойынша, Халиф 2023 жылы Нью-Делиде өткен әлем чемпионатында талаптарға сәйкестік сынағынан өтпей, алтын үшін айқастың алдында жарысқа қатысу құқығынан айырылғаннан кейін пайда болды. Дәл осындай себеппен Тайвань спортшысы Линь Юйтин де жарысқа қатысу құқығынан айырылды десті. Юйтин де Олимпиадада өнер көрсетті, ол да жалған ақпараттың құрбаны болды.
Әйтсе де, IBA Нью-Делиде жасалған тест туралы егжей-тегжейлі баяндаған жоқ, ал федерация президенті Умар Кремлев Халифті биологиялық еркек дегеніне ешқандай ресми дәлел келтірмеді.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Халифтің де, Юйтиннің де әйел екенін растап, әйелдер арасындағы барлық қатысушы секілді жарысқа қатысу ережесіне сай екенін мәлімдеді. Бұған дейін екі спортшы да әйелдер арасындағы түрлі спорт сайыстарына еш кедергісіз қатысып жүрген, оның ішінде Токиода өткен Олимпиада ойындары да бар.
Жалған хабарламаны бірқатар фактчек ресурсы мен ақпараттық басылымдар тексерді, атап айтқанда: Factcheck.kz, PolitiFact, Chequeado, Washington Post, Time, NBC, Associated Press және т.б.
ХОК 2019 жылы қаржы және басқару ісіндегі мәселелерге орай AIBA-ны (қазіргі IBA) тануды уақытша қайтарып алып, ұйымды Токиодағы Олимпиада кезінде бокс турнирін өткізу құқығынан айырды. Ал 2023 жылы ХОК бокс федерациясын мойындаудан біржола бас тартып, олардың реформа туралы талапты орындамағанын мәлімдеді.
IBA шешіммен келіскен жоқ, саяси астары бар деп мәлімдеп, оны фашистік Германияның Кеңес одағына шабуыл жасауымен салыстырды.
Жаңбыр салығы
Маусымның басында қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желіде депутат Павел Казанцевтің жаңбыр суына ақы төлеуді ұсынған видеосы тарады. Депутаттың сөзі желіде кеңінен тарап, ақпарат құралдарында мақалалар жазылып, желі қолданушылары оны «Чиполлино» шығармасындағы Лимон ханзаданың «жаңбырға салық салуымен» салыстырып, күлкіге айналдырды.
Factcheck.kz журналистері мұндай бастаманы жүзеге асыруға бола ма, болмай ма, зерттеп көрді.
Казанцевтің сөзіне қарағанда, әлемде қазірдің өзінде жаңбыр суын өлшеу, деректеу, сақтау және пайдалану тәжірибесі бар. Депутат үкіметтің жергілікті органдарға жаңбыр суына тариф белгілеуді ұсынғанын да еске салды. Мұнымен бірге Казанцевті жаңбыр суын қалай жинап, қалай есептеуге болады және оны пайдаланғаны үшін ақыны кім төлеуі керек деген мәселе де ойландырады. Оның сөзіне қарағанда, жаңбыр суы үшін әйтеуір біреу ақы төлеуі керек.
Фактчекерлер ҚР Су кодексі жобасының 23-бабының 6-тармағына және 24-бабының 14-тармағына сәйкес, тариф жаңбыр суының өзіне емес, оны жинап, тазалағаны үшін белгіленетінін анықтады. 88-баптың 3-тармағына сәйкес, тарифті заңды тұлғалар мен тіркеусіз жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жеке тұлғалар төлейді.
Құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы комитеті фактчекерлерге тек заңды тұлғалардың ғана абонент болатынын растады. Жекеменшік үй иелеріне олар үйін коммерциялық мақсатта пайдаланған жағдайда ғана қатысы болады. Ал жаңбыр суын жинап алатын қарапайым азаматтардан ақы алынбайды.
Депутаттар бұл шара басқа азаматтарға қаржы жағынан еш әсер етпейді деп сендіреді. Алайда, Factcheck.kz қазіргі сәтте тариф тұрғындардың басқа топтарына да жүрмейтініне ешкім кепілдік бере алмайды деп санайды. Кодекс әлі талқыланып жатыр, сондықтан оған әлі де түзетулер енгізілуі мүмкін.
Қазақстан суды тиімді пайдалану мәселесі аса өзекті болып отырған жалғыз ел емес. Көптеген елде, соның ішінде Германияда жаңбыр суын өңдегені үшін ақы қарастырылған. Германияда Niederschlagswassergebühr – «жаңбыр суына жарна» бар, оны компаниялар ғана емес, жылжымайтын мүлік иелері де төлейді, ал ақысы «герметик кеңістік» ауданымен есептеледі. Мұндай кеңістікке шатыр, жаздық үй және асфальт төселген, су жерге сіңбейтін жерлер жатады. Одан түскен қаржы жаңбыр суы жүйесін жақсартуға жұмсалады. Негізгі мақсат – ресурсты үнемдеуге ынталандыру. Тұрғындар су өткізетін жабындар пайдалану, су жиналатын резервуар орнату немесе су ағып кететін арық жасау арқылы шығынды азайта алады.
Канадада мұндай бастама сынға ұшырап, «жаңбыр салығын» талқылау кейінге қалды.
Азық-түліктегі құс тұмауы
Тауық еті, тауық жұмыртқасы мен сиыр сүтін пайдаланып құс тұмауын жұқтыруға бола ма? Фактчекерлер белгілі бір жағдайларда мұндай жолмен де ауру жұқтыру мүмкін екенін анықтады.
2023 жылдың қазан айында ДДСҰ негізгі ауру жұқтыру қаупі уланған үй құстарын пайдалану немесе вирус тараған ортамен байланыста болу екенін айтты. Дұрыс жолмен дайындалған ет пен жұмыртқадан вирус жұқтыру туралы дерек жоқ. Алайда, уланған шикі құстың қанынан адамдардың A(H5N1) тұмауын жұқтыру жағдайлары болған.
2024 жылдың сәуір айында ДДСҰ алғаш рет сүтқоректі жануардан адамға вирус жұғуы АҚШ-та тіркелгенін хабарлады. Науқас A(H5N1) тұмауын жұқтыруы ықтимал сиырлармен байланыста болған. Вирус адамнан адамға жұғатындай мутацияға ұшырамаған, сондықтан ДДСҰ тұрғындарға төнетін қауіпті төмен деп бағалады.
Биылғы жылдың сәуір айынан бері АҚШ-та ірі қара малмен байланыста болған адамдардың A(H5) құс тұмауын жұқтыруын көрсететін төрт жағдай анықталған, бұған қоса үй құсымен байланыста болған жеті адамға осы диагноз қойылған. CDC, FDA және АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі өңделмеген сүт, жұмыртқа және ет өнімдерін пайдалануда абай болуды ескертеді.
Молекулалық биология және вирусология бойынша PhD доктор, сарапшы Әсел Мұсабекова ет пен жұмыртқаны тұтыну қауіпсіздігі оны дұрыс өңдеумен байланысты екенін растайды. Вирус Цельсий бойынша 70 градуста өледі. Ас бөлмедегі тазалыққа мұқият болып, әр өнімге жеке тақтай пайдаланып, шикі етті ағып тұрған судың астында жумау керегін ескертеді, мұндай жағдайда су айналасына шашырауы мүмкін.
Уланған құстарды жаппай соятын жерлерде ауру жұқтыру қаупі бар, мұндайда вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары. Негізгі қауіп шикі сүт пен пастерленбеген өнімдерді пайдаланудан келеді, ол әсіресе қазіргідей «үйдің», өңделмеген өнімдерін пайдалану сәнде болып тұрғанда қауіпті.
Ғалымдар құс тұмауы вирустың тез мутациялануы мен сүтқоректілерге бейімделуі салдарынан пандемияға айналуы мүмкін деп санайды. Сондықтан мониторинг жасауды жалғастырып, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауды жалғастыру керек.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).