Қазақстан: Ресейдегі теракті туралы фейктер, қан «тазалау», бұлттар көмегімен жер сілкінісін болжау, жалған ақпарат таратудың жаңа жолы
Бұл бюллетеньде «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден кейін тараған жалған ақпарат толқыны, кеңінен жарнамаланып жатқан плазмаферез, жер сілкінісін бұлтқа қарап болжау және ресейлік билікке жақын топтардың жаңа айла-тәсілі туралы айтамыз.
«Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден кейінгі фейктер
22 наурыз күні кешкі сағат 8 кезінде қарулы ер адамдар тобы Мәскеу облысындағғы «Крокус Сити Холл» концерт залына басып кіріп, адамдарға оқ жаудырды. Артынша ғимаратта жарылыс болып, өрт басталды. Осы жарияланым шыққан уақытта 144 адам қаза тауып, 551 адам зардап шеккені белгілі.
Мұндай оқиғадан кейін жалған ақпарат пен фейк күшейетіні белгілі, терактіден кейін бірнеше сағат өтпей-ақ жалған ақпараттар толқыны басталды. Factcheck.kz фактчекерлері ең шулы деген жалған ақпараттарды талдады.
Алғашқылардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Даниловтың Украинаның терактіге қатысы бар екенін жанама айтып өткен дипфейк-видеосы тарады. Мұның қолдан жасалғанын байқау аса қиындық тудырмайды, бет-әлпетінің қозғалысы жасанды әрі еріннің қозғалысы да дыбыстауға сай келмейді.
Соған қарамастан, ролик кеңінен тарады, соның ішінде ресейлік билікке жақын медиа белсенді таратты. Алдымен роликті Пул №3 Telegram арнасы жариялады, содан кейін ірі блогерлер мен тележүргізушілер, патриоттық Звезда телеарнасы таратты. Скриншоттарға сенсек, фейк роликті НТВ арнасы да эфирден берген.
Сонымен бірге, оқиға бола салысымен желіде терактіге қатысы болуы мүмкін күдіктілер деген жалған хабарлама тарады. Олардың алғашқысы бірден-ақ өзекті болмай қалды, себебі құқық қорғау органдары онда көрсетілген адамдардың көзін жойған болатын. Екінші мәліметте «Тәжікстанның үш азаматы мен ресейлік төлқұжаты бар бір азамат» туралы айтылды. Алайда, тізімдегі үш азаматтың да теракті кезінде онда болмағанын айғақтайтын дәлелі болды, әрі кейіннен Федералдық қауіпсіздік қызметкерлері ұстаған адамдар тізімінде олардың ешбірінің аты-жөні болмады.
Күдіктілер қолға түсті деген ақпарат тарағаннан кейін Х әлеуметтік желісінде ұсталғандардың бірі «Украина азаматы Рустам Ажиев» деген хабарлама тараты. Мұны дәлелді етіп көрсету үшін Ажиевтің суреті күдіктілерді ұстаған орыннан түсірілген видеомен бірге жарияланды. Алайда, ұсталған азаматтың аты-жөні Далержон Мирзоев болып шықты. Ажиев пен Мирзоевтің фотосуретін салыстыратын болсақ (әсіресе, құлағының формасына назар аударсақ), екеуінің мүлдем екі бөлек адам екені айдан анық көрініп тұр.
«Крокус Сити Холл» концерт залындағы оқиғамен байланысты тағы бір белгілі фейк терактіден кейін «тіріліп кеткен» мүрделер жөнінде. Бұл фейк оқиғаның қойылым екенін көрсетуге тырысады. Дәлел ретінде екі видео келтіреді. Біреуінде өлген адамның денесі салынған қара қаптың қозғалғаны бейнеленген. Ал екіншісінде адамдардың сұлбасын жасырған қаптар арасында ер адамның темекі тартып жатқаны көрсетілген.
Екі жағдайда да мәлімдеме – жалған. Бірінші ролик расында да «Крокус Сити Холл» жанында түсірілген, бірақ видеоодан қара қаптың жел соққаннан қозғалғанын анық көруге болады. Екінші ролик – Хаски деген рэпердің клипін түсіру сәтінен бэкстейдж. Бұл видео 2021 жылы «COVID-19 дағдарыс актерлері» туралы фейк ролик жасағанда және 2022 жылы «Украинада мүрделердің тірілгенін» көрсеткен кезде пайдаланылып қойған.
Бұлттар жер сілкінісінен хабар бере ме?
Қазақстанда 23 қаңтарда және 4 наурызда болған жер сілкінісінен кейін бұлттардың көмегімен жер сілкінісін болжау әдістері туралы ақпарат тарай бастады. Нақтырақ айтсақ, қазақстандықтар арасында «Прогноз землетрясений по космоснимкам облачности» Telegram арнасы кеңінен танымал. Factcheck.kz редакциясы сейсмикалық белсенділіктің эпицентрі болып тұрған жерде айрықша бұлттардың көмегімен жер сілкінісін болжауға бола ма, жоқ па, тексеріп көрді.
Ерекше бұлттардың пайда болуын сейсмологтар расында да жер сілкінісіне болжам жасау кезінде пайдаланады, соның ішінде жақын уақытқа дейін мұны Қазақстанның ғалымдары да қолданған. Алайда, әлемдік ғылыми қауымдастықта бұлттар мен жер сілкінісі арасында байланыс бар екенін дәлелдейтін біржақты көзқарас жоқ. Біреулер бұлттар сейсмикалық белсенділіктен хабар бере алады деп санаса, екінші біреулер бұл әдістің дәлелі жоқ деп есептейді.
Тектоникалық жарылымның үстінде бұлттардың қозғалыссыз қатып қалғанын 1990 жылдардың соңында ресейлік ғалым Лидия Морозова байқаған, содан бері сейсмологтар мұндай ауытқуды зерттеумен келе жатыр. Алайда, Морозованың өзі де кейінгі жаңа жұмыстарында «эпицентрдің орналасуын [бұлттардың ауытқуына қарап] анық-қанық көрсету мүмкін емес» екенін мойындайды.
Италия мен Ирандағы үш жер сілкінісіне жасалған болжамды зерттеген Морозованың әріптестері бұлттардың түзілуіне қарап жер сілкінісі болатын уақыт пен оның магнитудасын «айтарлықтай нақты» анықтау мүмкін болғанымен, болжамның географиялық дәлдігі көңілден шықпағанын айтады – эпицентрдің орналасуынан қателесу 100-ден 300 шақырымға дейін ауытқыған. Әрі, мұндай аз ғана деректі негізге алып, әдістің тиімділігі туралы біржақты қорытынды жасау мүмкін емес.
АҚШ Геология қызметі «бұлттарға қарап болжам жасауды» ғылыми әдіс ретінде мойындамайды, себебі нақты болжам жасау шарттарына жауап бермейді деп санайды: сейсмикалық белсенділіктің белгілі бір күні мен уақыты, нақты орны мен магнитудасы жоқ. Геология қызметі болжамның айтарлықтай уақыт аралығына жасалатынын және жер сілкінісі болатын жер мен оның күшіне қатысты ақпарат та тым алшақ екенін есепке алғанда, көрсетілген аймақта сол кезеңде қандай да бір жер сілкінісі болуы және ол белгіленген шеңбер аясында болуы мүмкін екенін де ескертеді. Мұндай жағдайда болжанған көрсеткіштерге сай келгені табысты болжам болып саналады да, қалған факторлардың сәйкес келмеуіне назар аударылмайды. Америкалық геологтардың пікіріне сүйенсек, мұндай нәтиже сенімді болжам болып саналмайды.
Фактчекерлер болашақта жер сілкінісін бұлттардың көмегімен болжау әдісі не жетілдіріліп, ғылыми қауымдастық оны қабылдайды; не жинақталған мәліметтер бұл әдісті ғылыми емес деп тануға жеткілікті болады деп есептейді. Ал қазіргі кезде «бұлтқа қарап болжам жасауды» жер сілкінісін болжаудың басқа әдістерімен қатар алып жүру керек, себебі бұлттар әлі де сейсмикалық белсенділікті нақты болжауға қажетті ақпарат бере алмайды.
Таза қан денсаулық кепілі ме?
Қан тазалау процедурасы немесе плазмаферез әдісін жекеменшік клиникалар аллергия, гипертония, тері және басқа да ауруларды емдеу тәсілі ғана емес, сонымен бірге ағзаны «шлактар мен уытты заттардан» тазартып, жасарту әдісі ретінде кеңінен жарнамалайды. Factcheck.kz фактчекерлері бұл уәдені тексеріп, дені сау адамға қанды механикалық жолмен тазартудың түкке керегі жоқ, мұны бүйрек пен бауыр атқара алады деген қорытындыға келді.
Қатты уланған жағдайда, белгілі бір ауыр дертке шалдыққанда, сонымен бірге бүйрек пен бауырдың қызметі бұзылып, олар уытты заттарды шығаруға қабілетсіз болып қалған жағдайда қанды аппаратпен тазалау процедурасы қажет болуы мүмкін, атап айтқанда: диализ, плазмаферез немесе цитаферез. Бұл әдістердің әрқайсының белгілі бір нақты міндеті бар және оны тек қана ауру белгісі болғанда және дәрігердің көрсетуімен жасау керек. Мәселен, плазмаферезді аутоиммундық аурулар кезінде қолданады. Плазмаферез кезінде науқастың қаны плазманы қан клеткаларынан бөлетін құрылғыдан өтеді. Осыдан кейін плазма донор плазмасымен немесе қан орнына жүретін арнайы сұйықтықпен алмастырылады.
Басқа да медициналық процедуралар сияқты плазмаферездің де кері әсерлері болуы мүмкін, ондай әсерлер арасында қан қысымының төмендеуі, бас айналуы, әлсіздік, қаназдық немесе қанның ұюының бұзылуы, аллергиялық реакциялар (тіпті анафилаксиялық шокқа дейін), қан құрамындағы ақуыздың жоғалуы бар.
Гематолог дәрігер Айгүл Қалиева Factcheck.kz тілшілеріне берген түсініктемесінде биохакингпен айналысып, еш көрсетілім болмаса да күрделі медициналық процедураларды жасағанша, дұрыс тамақтануға, ұйқы сапасын бақылауға және белсенді қозғалыс жасауға кеңес береді әрі сау ағзаны тазалауға басқа ешқандай көмек қажет емес деп санайды.
«Фейк болуы мүмкін» – Кремльдің пропаганда әдісі
Factcheck.kz фактчекерлері кейінгі кезде Кремльдің айналасындағы БАҚ пен пабликтер Украина туралы пропагандаға толы фейктер тарату тактикасына көшкеніне назар аударады. Осы әдіспен ашықтан-ашық тексерілмеген фейк ақпарат жарияланады, көп жағдайда әлеуметтік желіге немесе өздері танымал деп санайтын ақпарат агенттіктеріне сілтеме жасайды, ал кейіннен сол таратушылардың өзі терістеме беріп жатады. Дегенмен, «бәрі біз ойлағандай емес» деп жалғастыра береді.
Мәселен, осы тәсілмен «Владимир Зеленскийдің Эмманюэль Макронға қастандық дайындап» жатқаны және Валерий Залужныйдың «саяси амбициясынан бас тартқаны үшін» «ақы алғаны» туралы фейктер кеңінен таратылды. Алғашқы жаңалықты француздың France 24 арнасы таратты десті, ал екінші «сюжетті» Би-Би-Сиге теліді. Фактчекерлер екі фейк те ұзамай-ақ ашылып қалғанына қарамастан, олар туралы ақпарат пропагандамен айналысатын медиада әрі қарай да тарап жатқанын байқаған.
«Боттар фабрикасын» зерттеуші @antibot4navalny нигінің иесі және француздың AFP ақпарат агенттігі мен The Insider басылымы бастапқыда мұндай фейк тарату әдісі ботофермаларға тән болғанын айтады, ал кейіннен Кремльдің айналасындағы ірі пабликтер мен жекелеген ақпарат құралдарына бейімделген. Мұндай әдістің мақсаты – фактчекерлердің жұмысын жоққа шығару, дәлелденбеген тезистерін ақырын-ақырын таратуға мүмкіндік беретін ақпараттық шу жасау.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).