Қазақстан: Си Цзиньпиннің статистикасы, бүлінген еттен жасалған бәліш және спорт саласындағы дезинформация
ҚХР көшбасшысының Қазақстанмен өзара қарым-қатынас туралы тұжырымдарын талдау, Қырғызстаннан келген «бүлінген» ет туралы зомби фейкті теріске шығару, сонымен бірге Еуропа чемпионатының мінбері мен Париж көшелерінен жеткен жалған ақпаратты тексеру.
Си Цзиньпин келтірген статистика
3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Саммит қарсаңында, 2 шілде күні, «Казахстанская правда» газетінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-тарихи байланыстар, қазіргі қарым-қатынас және болашақтағы әріптестік жоспары туралы мақаласы шықты. Мақалада басқа да жайттармен бірге екі ел арасындағы өзара әрекеттестікті көрсететін статистика да келтірілген.
Factcheck.kz журналистері мақалада келтірілген деректердің растығын тексеріп көрді. Мәселен, ҚХР басшысы Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылар қатарында мойындады дейді. Мұндай тұжырым Қазақстан жағында да танымал. Дәлірек айтсақ, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Алайда, ашық дереккөзде нақты мойындаған күнін нақтылап көрсететін ресми құжат жоқ. Сонымен бірге Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған елдердің қандай да бір хронологиясы да жоқ. «Алғашқылар қатарында» деген тіркестің өзін фактчекерлер тым бұлдыр деп санайды, сондықтан бұл тұжырымды нақтылау немесе оны теріске шығару мүмкін емес.
Әрі қарай мақалада Си Цзиньпин екі ел арасындағы екіжақты сауда 2023 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 41 млрд АҚШ доллары көлемінде болды дейді. Бұл санды Қытайдың ғана емес, Қазақстанның ресми өкілдері де айтты, мәселен, президент Тоқаев ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде келтірді. Алайда, бұл Қытайдың кеден қызметі берген көрсеткіш, ол Қазақстанның ресми статистикасымен сәйкес келмейді, біздегі статистика бойынша, былтыр ҚР мен ҚХР арасындағы өзара сауда айналымы 31,5 млрд доллар көлемінде болған. Мұндай қайшылық бұрын да болған, бұрын Қазақстан мұны контрабанда салдары деп ашық айтып, сонымен бірге кедендегі қызметті асыра пайдалану екенін айтқан.
«Казахстанская правда» газетіндегі мақалада Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара барыс-келіс мәліметтері де бар: өткен жылы бұл көрсеткіш 600 мың шамасында болса, биылғы жылдың үш айының өзінде 200 мыңнан асқан. ҚХР сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған ағылшын тіліндегі материалда барыс-келістің «cross-border trips» екені келтірілген, бұл термин барып-келушілер тек қана туристер еместігін білдіреді. Ал Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі келтіріп отырған көрсеткіш 678 мың адам, әрі олар нақты туристер ағыны деп келтірген. Цифрлардың тағы да сәйкеспеуі мақалада келтірілген статистиканы нақтылауға немесе терістеуге мүмкіндік бермей отыр.
Фактчекерлер Қытай сауда саласындағы Қазақстанның бас серіктесі және Қазақстанның тауарын импорттаушы ірі серіктес деген тұжырымды да тексерді. ҚР Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы дерегі тауар айналымының айтарлықтай бөлігі Қытайдың үлесінде (22,5%) екенін растайды, одан кейінгі орында Ресей мен Италия тұр. Алайда, кейінгі екі жылда қазақстандық тауарларды импорттаушы ірі серіктес Қытай емес, Италия болып отыр. ҚХР екінші орында. Дегенмен, Қазақстанға келетін тауардың негізгі үлесі Қытайға тиесілі (27,4%).
Қырғызстаннан келген бүлінген ет
Қазақстанның көршілері тақырыбын жалғастыра келе, ел тұрғындары WhatsApp желісінде таратып жатқан фейкті айналып өте алмадық. Stopfake.kz сайтының жазуынша, аудиохабарлама таратқан әлдебір «жанашыр» Қырғызстаннан Қазақстанға құтырған малдың еті әкелініп жатқанын айтады. Ол аздай, бүлінген етпен бәліш пісіріп жатқаны айтылады.
Бұл хабарламаны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жоққа шығарып, Қазақстанға Қырғызстаннан мал ғана емес, сонымен бірге аусылға байланысты 2011 жылдың 19 қазанынан бері сиыр, қой және шошқа еті әкелінбейтінін айтты. Егер етті контрабандалық жолмен әкелу әрекеті анықталатын болса, Ауыл шаруашылығы министрлігі шекарада бақылау жасауда қосымша шараларды қолға алмақ.
Қазір Қырғыз Республикасымен шекарадағы Жамбыл облысында төрт ветеринарлық бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Ветеринар инспекторлар кірген, шыққан және транзит тауарға зертханалық бақылау жүргізіп, құжаттарын тексереді.
Сайт мұндай фейктің ақпарат кеңістігінде үш жыл бұрын пайда болғанын, ал одан бір жыл бұрын, COVID-19 пандемиясы күшейіп тұрған кезде Қырғызстаннан коронавирус жұқтырған жылқы еті жеткізіліп жатыр деген хабарлама тарағанын айтады. Бұл ақпарат та жалған болып шыққан.
Айтылмаған ұран
Биылғы жаз халықаралық дәрежедегі спорт шараларына бай, соған орай миллиондаған көрермен назар тігіп отыр. Осыған орай фейктер де баршылық.
Еуропа чемпионаты аясында 17 маусым күні Украина мен Румыния құрамалары ойнады. Матч аяқтала салысымен интернетте румын жанкүйерлерінің Ресей президентінің фамилиясын айтып ұрандаған видеосы тарады. Бұл видео әр тілде тарап, бірқатар ресейлік және шетелдік БАҚ-та жарияланды.
Factcheck.kz фактчекерлері вирус видеоны тексеріп, «Путин» деген аудио видеоға қолдан жапсырылған деген түйінге келіп отыр. Ондағы дауыс украин жанкүйерлерінің әйгілі «Путин – х***о» деген ұранына қатты ұқсайды, бұл ұранды футбол жанкүйерлері бірінші рет 2014 жылы шығарған, олар Мюнхенде өткен Украина мен Румыния матчының алдында да осылай ұрандатқан болатын.
Snopes, The Insider және Украинаның стратегиялық коммуникация мен ақпараттық қауіпсіздік орталығының фактчекерлері де осындай қорытындыға келіп отыр. Бастапқыда видеоны бұрын да жалған ақпарат таратып көзге түскен аккаунттар таратқан. Сонымен бірге, ойын кезінде Instagram желісінде Allianz Arena München геотегімен көптеген видео жарияланған, олардың ешқайсында «Путин» дегенге ұқсайтын дауыс естілмейді.
Олимпиада өтеді
Жалған ақпаратқа жол ашқан тағы бір оқиға – Парижде өтетін Олимпиада. Францияда өткен парламент сайлауының бірінші турының қорытындысына орай, Олимпиада өтпейтін болды деген ақпарат тарады. Франция қалаларының көшесіне мыңдаған адам шығып, Марин Ле Пен басқаратын ультраоңшыл «Ұлттық одақ» партиясына қарсы наразылық шаралары өткен болатын.
«Курсив» басылымы Халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) сілтей отырып, бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Комитеттегілер мұндай қауесетке ешқандай негіз жоқ екенін, ал жалған ақпарат «Францияға, ХОК-ке, оның президенті мен Олимпиада ойындарына қарсы жүріп жатқан науқанның» бір бөлігі екенін мәлімдеді. ХОК Олимпиаданың ашылу салтанаты жоспарға сай 26 шілде күні Парижде өтетінін айтты.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).