Қазақстан: Су тасқыны кезіндегі фейктер мен алаяқтық, конспирологтар тұрмыстағы зорлыққа жазаны күшейтуге қарсы
Жаңа дайджест елде бұрын-соңды болмаған тасқыннан кейін кең тараған жалған ақпарат туралы айтамыз, балалар мен әйелдер құқығын қорғау туралы жаңа заңға қарсы манипуляцияны жоққа шығарамыз және жаңа алаяқтық схемаларын талдаймыз.

Тасқын туралы фейктер мен үрейлі хабарламалар
Қазақстанда наурыз айында басталған су тасқыны санаулы күннің ішінде республика көлеміндегі табиғи апатқа айналды. Билік еліміздің он облысында ТЖ режимін жариялады, оның сегізінде әлі де төтенше жағдай сақталып отыр. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін екенін «Қазгидромет» мамандары хабарлады.
Табиғи апат болып жатқан уақытта әдеттегідей көптеген үрейлі хабарлама мен фейк тарады.
Сәуірдің басында мессенжерлерде құбырмен келетін суды ішуге болмайтынын, тасқынның салдарынан су уланған болуы мүмкін екенін айтқан хабарлама тарады. Аноним автор ресейлік тұтынушылар құқығын құқығын қорғау қоғамы ұсынатынын айтқанымен, жергілікті жағдайға орай әрі су басқан аумақтардың кейбірі Қазақстан мен Ресей шекарасында болғандықтан, бұл хабарлама қазақстандықтарды да алаңдатты.
Factcheck.kz фактчекерлері мұны тексеріп, 7 сәуір күні қоғам жетекшісі Анна Попованың су басқан Орынбор облысының тұрғындарына ішек инфекциясынан сақтану үшін тек бөтелкедегі су ішуді ұсынғанын анықтады. «Бөтелкедегі, қайнатылған немесе тұрмыста қолданылатын жоғары деңгейлі тазалау сүзгісінен өткен суды пайдалану» туралы ұсынысты Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы Орынбор облысына 1 сәуірде таратқан, ақпаратты тексерген уақытта басқа аймақтарға қатысты мұндай ұсыныс болғаны анықталған жоқ.
Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті «тасқын кезінде тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу» бойынша ұсыныстар тізімін 31 наурызда жариялады. Тасқын жүріп жатқандықтан, Комитет басқа да ұсыныстармен қатар, ішуге және тамақ пісіруге бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ғана пайдалануды, сондай-ақ, су басқан аумақтарда сыртқы су көздерінен, яғни бұлақтардан, құдықтар мен ұңғымалардан су ішпеуді ұсынады.
11 сәуірден бастап қазақстандықтар WhatsApp арқылы бір-біріне Жібек жолы ауылына жақын маңдағы Вячеслав дамбысы жарылғандықтан, жуырда Астананы су басатынын айтқан аудиохабарламаны тарата бастады, бұл жөнінде Tengrinews.kz сайты хабарлады. Онда бөгетті мықтылауға адам күші жетпей жатқаны, «дамбы жасау» үшін адамдарды тарту қажет болғандықтан, хабарламаны неғұрлым көбірек тарату керегі айтылған.
Жұмыс күші жетпей жатыр деген ақпаратты Ақмола облысы Аршалы ауданының әкімдігі жоққа шығарды. Әкімдік жағдайдың бақылауда екенін және тасқынмен күреске «48 дана ірі техника, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, еріктілер, Жібек жолы ауылының тұрғындарынан тұратын 150 адам тартылғанын» мәлімдеді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 12 сәуір күні Астана (Вячеслав) су қоймасы 99% толғанын растады. Дегенмен, министрлік «келіп жатқан суды жіберу транзит режимінде» жүріп жатқанын, тасқынның қаупі қайтқанын және су қоймасына судың келуі азайып жатқанын да айтты.
WhatsApp арқылы тараған тағы бір үрейлі хабарламада сәуірдің 20-сына қарай Атырау қаласының 80%-ын су басатыны айтылғанын StopFake.kz жазды. Билік ел арасында үрей туғызбау үшін бұл ақпаратты жасырып отыр десті. Атырау облысындағы ТЖ жөніндегі жедел штаб үрейлі хабарламаны таратқан азаматты полиция ұстағанын, оған ҚР ӘҚБтК-ның 456-2-бабы бойынша жалған ақпаратты жазып, таратқаны үшін айыппұл салынғанын хабарлады.
Осы баппен тасқын туралы фейк таратқан тағы екі азамат ұсталып, оларға полиция айыппұл салды. Петропавлдық жас жігіт облыстағы су тасқыны салдарынан су басқан Подгоры ауданында қасқырлар мен жабайы қабандар шығып алғаны туралы фейк роликті TikTok желісіне жүктеген. Ұсталғандардың екіншісі әйел адам, ол TikTok-қа тасқын салдарынан екі бала қаза тапты деген жалған хабарлама шығарған.
Алаяқтықтың жаңа схемалары: фейк шенеуніктер мен тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы беру
Интернеттегі алаяқтар азаматтардың ақшасын иемденіп кету үшін жаңадан небір айла-тәсілдерді табумен келеді, өкінішке қарай, олар тасқын жағдайын да пайдаланды. Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде тасқыннан зардап шеккендерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен, сонымен бірге әртүрлі банктерден өтемақы берілетіні туралы хабарлама тарады. Өтемақыны рәсімдеп, алу үшін алаяқтар фишинг сілтемеге өтуді ұсынады.
Еңбек министрлігі үндеу жариялап, зардап шеккендердің барлығы бір реттік өтемақыны жергілікті атқарушы органнан алатынын мәлімдеді. Нақтылы бір аймақтағы өтемақы мөлшерін келтірілген залалға байланысты арнайы комиссия белгілейді.
Ақша бопсалаудың тағы бір жаңа тәсілі мейлінше креатив болғанымен, ақылға қонымсыз. Сәуірдің алғашқы жартысында қаскүнемдер WhatsApp арқылы жоғары лауазымды шенеуніктердің, атап айтқанда әкімдердің (1, 2, 3), министрлердің және тіпті мемлекет басшысының атынан хабарлама таратты. Алаяқтар мессенжерде саясаткерлердің фейк аккаунттарын жасап, қазақстандықтардан қаржылай көмек сұраған хабарлама таратты, нақтырақ айтқанда, банктен аударым жасауға лимит тұрғандықтан өз бетінше ақша аудара алмай отырғанын айтады. Мұндай хабарламаларда да, әлбетте, фишинг сілтемелер болды.
«Қазақстандық ата-аналар одағы» таратқан жалған ақпарат
15 сәуір күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық көрсетуге жазаны қатаңдату туралы заңға қол қойды.
Мұндай түзетуді енгізу қажеттігі Қазақстанда бұдан бұрын да талқыланып, қоғамда қызу талқы тудырды. Заңға ашық қарсы тұратындар арасында жергілікті конспирологиялық топтар тұр, олар, әсіресе заң жобасы парламентте талқыланған кезде желіде аса белсенділік танытты.
Мәселен, 2024 жылдың наурыз айында «Қазақстандық ата-аналар одағы» РҚБ президентке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мен балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» «ювеналдық заңдарға қарсы» үндеу жолдап, қол жинай бастады.
Factcheck.kz фактчекерлері одақ мүшелерінің тұжырымдарын тексеріп, үндеуде деректерді бұрмалап, ұғымдарды басқаша түсіндіріп, эмоцияға әсер ететін сөздер қолдану арқылы қоғамдық пікірге манипуляция жасау бар деген қорытынды жасады.
«Қазақстандық ата-аналар одағы» әлі қабылдана қоймаған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мен балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы «кәсіби түрде қабылдаушы отбасы институтын енгізеді және балаларын жақсы көретін, қиын жағдайға тап болған ата-аналардан балаларын тартып алуды қарастырады» деген тұжырым жасайды.
Фактчекерлер заңның шынында да кәсіби бала қабылдаушы отбасыларға құқықтық шеңбер белгілейтінін айта келіп, алайда ондай отбасылар әлеуметтік қызметке зәру балалар үшін қызмет ететінін, мұндай отбасылар өз бетінде отбасынан баланы тартып алу процедурасына ықпал ете алмайтынын, бұл сала бұрыннан бері басқа заңмен реттелетінін баса ескертеді.
Бұған қоса, үндеу авторлары «тартып алған балалардың қайда екенін туыстары білмейтін болады» деген тұжырым жасайды. Алайда, қолданыстағы заңдарға сәйкес, туыстарымен қарым-қатынасқа баланың мүддесіне қатысты ғана шектеу қойылуы мүмкін. Басқа жағдайлардың бәрінде қамқоршы немесе асырап алушы баланың ата-анасымен және басқа туыстарымен қарым-қатынасына кедергі жасауға құқығы жоқ.
Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сілтей отырып, «Қазақстандық ата-аналар одағы» «отбасыларға әлеуметтік желілерде аноним шағым мен хабарлама тастау ұсынылады, яғни 1937 жылғы террористік схема бойынша жұмыс істеуді ұсынады» деген тұжырым жасайды.
Сталиндік репрессиямен салыстырып, жалған ақпарат таратып, эмоцияға ықпал етуді айтпағанда, бұл тезис заңның мазмұнын да бұрмалайды. Жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдарға орай полицияның тексеруі бұрын да болатын. Ал құқық бұзуды анықтау үшін онлайн мониторинг жасауға келсек, бұл да біраз уақыттан бері құқық қорғау органдары қолданып жүрген тәжірибе.
Сонымен бірге, үндеуде үйде зорлық көрсеткен тәртіп бұзушыларды «психикалық емдеу курстарына мәжбүрлі түрде жіберіп», «басқа баспана ұсынбай, жалғыз баспанасынан шығарып жібереді» деп көрсетілген.
Шын мәнінде заң психологиялық көмек көрсетуді ұсынады, соның ішінде ықтимал рецидивтің алдын алу, тәртіп бұзушыларды әлеуметтік бейімдеу үшін де осындай көмек ұсынады. «Үйден шығаруға» келсек, сот ерекше жағдайларда қылмыскердің жәбірленушімен бірге тұруына 30 тәулікке дейін тыйым салуы мүмкін.
Соңғы жалған тұжырым тұрмыстағы зорлыққа қатаң жаза қаралатыны жөнінде. «Қазақстандық ата-аналар одағы» «отбасындағы құқық бұзуға жауапкершілік отбасынан тыс жерде жасалатын құқық бұзудан гөрі қатаң болады» деген тұжырым келтіреді. Алайда, әйелдер мен балаларға зорлық көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жәбір көрушімен қарым-қатынасына қарамай, кез келген адамға қатысты.
Прокурор Айжан Аймағанованың жалған парақшасы
Айжан Аймағанованы көптеген адам азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деген айыппен соты жүріп жатқан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың атышулы ісіндегі мемлекеттік айыптаушы ретінде таныды. Екі аптадан астам уақыт бойы ашық өтіп жатқан сот процесін Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде қадағалап отыр.
Сәуірдің басында Instagram желісінде Айжан Аймағанованың фейк парақшасы пайда болды. Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, түрлі ақпарат бойынша (1, 2, 3) 20 мыңға дейін адам жазылған аккаунтты прокурор азаматтардың өтінішімен ашқан-мыс. Кейін бұл фейк парақшаны Instagram Stories-те марқұм Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді бөлісті дейді Tengrinews.kz.
Алайда, БАҚ-та жарияланған хабарламаға сүйенсек, Астана прокуратурасы Instagram желісінде Айжан Аймағанованың атынан ашылған парақшалардың ешқайсының айыптаушыға қатысы жоқ екенін, бұл желіде Аймағанованың жеке парақшасы жоқ екенін мәлімдеген.
Бюллетеньге материал дайындалып жатқан кезде жаңалықтарда көрсетілген аккаунттың мыңнан астам ғана жазылушысы болды, Аймағанованың атынан ешқандай хабарлама болған жоқ, ал профильдің маңдайшасында «lifefan» деген жазу пайда болды. Бұл парақшаны фанаттар ашқан болуы мүмкін екенін білдіреді. Бұл парақшадан бөлек, Instagram желісінен Айжан Аймағанованың атынан ашылған оннан аса аккаунтты кездестіруге болады. Олардың кейбірінде фанаттар ашқан парақша екені көрсетілсе, қалғаны мемлекеттік айыптаушы өзі жүргізеді деп көрсетіп қойған.
Подписывайтесь на бесплатную еженедельную рассылку Eurasianet (на английском языке).